Маликова Алима Амангельдиевна
Қазақстан педагогикалық академиясының профессоры
Маликова Алима Амангельдиевна 1968 жылы 28 тамызда Шымкент қаласында дүниеге келген.
1985 жылы Шымкент педагогика институтының Тарих және педагогика факультетіне тарих және қоғамтану мұғалімі, тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары мамандығы бойынша қабылданған.
1991-1992 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы), Сайрам ауданы №17 партсъезд атындағы орта мектепте тарих пәні мұғалімі болып жұмыс атқарған.
1992-2003 жылдары Шымкент қаласындағы №65 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясында тарих пәнінің мұғалімі қызметін атқарған.
2003-2010 жылдары №65 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясында мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымдық міндетін атқарды.
2010 жылдың шілдесінен бастап, 2022 жылдың наурыз айына дейін №88 жалпы орта білім беретін мектеп директоры болып қызмет атқарған.
2022 жылдың наурыз айынан бастап №86 жалпы орта білім беретін мектептің директоры болып тағайындалып, қызмет атқаруда.
Болашақ ұрпақ тәрбиесінде жаңа технологиялар мен озық идеяларды ендіріп, біліктілік пен шығармашылық танытқаны үшін бірнеше мемлекеттік наградаларды иеленген:
- 2005 жылы «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалі;
- 2006 жылы «Ы.Алтынсарин» төс белгісі;
- 2007 жылы «Балалық шақ досы – Друг детства» Бірінші Ұлттық байқауының «Үздік мұғалім» номинациясы бойынша «Құрмет» атағының иегері;
- 2016 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі;
- 2016 жылы «Лучший руковадитель» төс белгісі иегері.
«Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі игілікті істері және жоғары біліктілігі» үшін 2013 жылы Облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, Облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.
2013 жылы білім беру саласына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Дарынды балалармен жұмыс жүргізу бағытында дарынды балаларға өз зияткерлік әлеуетін дамытуға қосқан үлесі үшін 2014-2015 оқу жылында ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының Алғыс хатымен марапатталған.
Оқушылардың бойында патриоттық сезімді, отансүйгіштік қасиетті дәріптеуде Отан алдындағы адал еңбегі үшін, 2015 жылы Халық Қаһарманы, генерал Б.Ертаевтың «Алғыс хатын» иеленген.
Сондай-ақ, Білім саласында қоғамдық шынайы пікір қалыптастыруда, шәкірттерге құқықтық тәрбие беруде, жақсы қасиеттерін бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде қосқан үлестері үшін Облыс Әкімінің, Шымкент қаласы Әкімінің, Қаратау ауданы Әкімінің және ОҚО ІІД Шымкент ҚІІБ Қаратау ПБ-нің Алғыс хаттарымен марапатталған.
А.Маликова Сайлау жүйелерінің Халықаралық Қорымен бірлесіп жоғары сыныптарға арналған «Азаматтық білімге кіріспе» оқу құралын сынақтан өткізуге қатысқан.
2021 жылы мектеп басшыларының теориядан тәжірибеге тиімді білім беруде, адами капиталды қалыптастыруда перспективті даму мүмкіндіктерін ашуға бағытталған «Адами капиталды дамытудың жаңа парадигмасы: теория, тәжірибе, кәсіби құзыреттілік» атты және жас маманды кәсіби дамытуға, қызметтік және мәдени сауаттылықтың, білімділіктің жаңа деңгейіне шығуына жағдай жасау туралы «Жас маманнан жаңашыл ұстаз тәрбиелеу» атты әдістемелік құралдары жарық көрген. Республикалық, халықаралық баспа беттерінде көптеген мақалалары жарияланған. «Жаңа дәуірдің мектебі» Х-шы Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысқан.
«Алматы менеджмент университеті» білім беру мекемесі білімді дамыту институтында «Білім берудегі менеджмент» біліктілігін арттыру бағдарламасын бітірген.
Мектептің заман талабына сай құрылымын жасауда жеңістерге жетелейтін, үнемі алға талпынып, шәкірттерінің биік белестерден көрінуіне аянбай еңбек ететін ұлағатты ұстаздардың жолын жалғауға, өз үлесін қосып келеді.